"Астана Моторс" Hyundai Tucson-ды ұсақ торапты әдіспен шығарады
2022 жылы "Астана Моторс" компаниясының еншілес кәсіпорны - Hyundai Trans Kazakhstan Hyundai Tucson моделінің ұсақ торапты өндірісін игереді.
2021 жылы 17 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қазақстандық делегацияның Оңтүстік Кореяға ресми сапары аясында "Астана Моторс" компаниясы мен оңтүстіккореялық көлік өндіруші Hyundai Motor Company Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оған сәйкес Hyundai Motor Company "Астана Моторс" компаниясына Hyundai Tucson моделін ұсақ торапты әдіспен өндіру (Қазақстанда) құқығын береді. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты қазірдің өзінде шанақты дәнекерлеу және бояу әдісімен Hyundai Accent көлігін шығарады. Осылайша, Hyundai Tucson көлігі Hyundai Trans Kazakhstan-ның ұсақ торапты әдіспен шығаратын екінші моделі болады.
Жақын арада Оңтүстік Кореядан Қазақстандағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытына жаңа үлгідегі ұсақ торапты өндірістік желіні ұйымдастыруға арналған жабдықтарды жеткізу басталады.
Hyundai Tucson көлігін ұсақ торапты әдіспен шығару 2022 жылдың екінші тоқсанында басталады. Зауыт ішкі нарыққа және ТМД елдеріне экспорттау үшін жылына алты мың Hyundai Tucson моделін шығаруды жоспарлап отыр.
«Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев Сеулде өткен кездесуде екі елдің басшылығына сенім білдіргені үшін, сондай-ақ Hyundai Motor Company-ге машина жасау саласындағы тәжірибесі үшін ризашылығын білдірді.
«Бізге ортақ істің табысты болуы үшін үлкен міндет, жоғары жауапкершілік жүктелді. Қазіргі уақытта Hyundai Accent моделін дәнекерлеу және бояу арқылы шығаруды меңгердік. Ендігі мақсатымыз - өндірістің қазақстандық үлесін тереңдетуге мүмкіндік беретін Hyundai Tucson моделін дәнекерлеу және бояу әдісімен өндіруді меңгеру», - деді Бекнұр Несіпбаев.
Сонымен қатар ол «Астана Моторс» компаниясы Hyundai Trans Kazakhstan зауытының құрылысы бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді орындағанын және жаңа зауытты жоспарға сәйкес толыққанды іске қосқандарын атап өтті. Бүгінде кәсіпорында 640 -қа жуық адам жұмыс істейді. Өндірістің кеңеюіне байланысты зауытқа әрі қарай жұмысшылар алу жалғаса береді. «Астана Моторс» компаниясы кәсіби кадрлар дайындау мектебін қалыптастыруға ерекше назар аударады, сондықтан жұмысшы мамандардың біліктілігін жоғарылатуға инвестиция салып келеді.
«Hyundai Trans Kazakhstan зауытын ашу кезінде корейлік инженерлер, егер бизнес өкілдері өндіріске инвестиция салса, онда олар өз еліне де инвестиция салғаны, солай нағыз патриот болып қалыптасады деген еді. Айтайын дегенім, біз корейлік әріптестерімізден тек жаңа технологияларға қатысты емес, сонымен қатар жаңа фәлсапа да үйренеміз» - деді «Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 15 қазанында Алматыда шанақты дәнекерлеу және бояу, пластикалық бөлшектерді бояу, автомобильдерді құрастыру цехтары және ұсақ торапты өндіріс үшін бөлшектер қоймасы бар Hyundai Trans Kazakhstan зауыты толыққанды іске қосылды.
Кәсіпорын іске қосылғаннан бері 20,5 мыңнан астам автокөлік шығарды, оның 10,6%-ы Беларусь пен Өзбекстан елдеріне экспортталды.
Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 28 миллиард теңгеден асады. Оның 30% (8 млрд. теңгеден) астамы «Астана Моторс» компаниясының меншікті қаражаты, қалған 70% (20 млрд. теңге) «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ алынған несие.
Отандық зауытты салу жобасы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асырылды.
Қазақстандық делегацияның Оңтүстік Кореяға сапары туралы жаңалықтарға сілтеме: https://khabar.kz
Hyundai Trans Kazakhstan зауыты туралы арнайы репортажға сілтеме: