Нұрлан Смағұлов: 2026 жылы «Астана Моторс» 100% дәнекерленген және сырланған жеңіл көліктерді өндіреді


2025 жылы «Астана Моторс» қытайлық Chery, Haval, Changan көліктерін дәнеркерлеп, сырлап өндіреді. Ал 2026 жылы Hyundai зауытының модернизациясы аяқталады.

«Астана Моторс» 2026 жылы жеңіл автокөліктің барлық көлемін шығарады. Hyundai Trans Kazakhstan зауытының және жаңа мультибренд Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытының бірлескен өндіріс қуаты компанияға көлік бөліктерін штамптауды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Astana Motors негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов мәлімдеді.

«Біздің Hyundai Trans Kazakhstan зауытына небәрі үш жыл болды, соған қарамастан ол жылына 50 мың автокөлік шығарады. Ұсақ түйін әдісі арқылы он модельдің екеуін - Hyundai Accent және Tucson өндіріледі. Бірақ бұл ауқымды жұмыстың басы ғана. Біздің мақсатымыз – ұсақ түйін әдісі арқылы 100% автокөлік бөліктерін 51%-ін өндіру. Біз жыл сайын модернизацияға қаржы құйып, дәнеркерлеу мен сырлау өндірісі қуатын арттырып жатырмыз. 2024 жылы ұсақ түйін әдісі арқылы дәнекерленген және сырланған өнімнің 25%-ін, 2025 жылы - 50%-ін, ал 2026 жылы 100% CKD өнімін өндірмекпіз», – деп атап өтті Нұрлан Смағұлов.

Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 2020 жылғы қазаннан бері істеп жатыр. Зауыт 2021 жылы 26 мың автокөлік шығарды. Ал 2022 жылы 37 205 жеңіл автокөлік өндірді. Оның 82%-і отандық нарықта сатылса, қалғаны ТМД елдеріне жөнелтілді. 2023 жылғы алғашқы алты айда зауыт өз рекордын жаңартып, 24 509 өндіріп, жылдық көрсеткішін 50 мың автокөлікке жеткізді.

img

Қазіргі уақытта ұсақ түйін әдісі арқылы дәнекерленген, сырланған автокөліктерді шығару үшін және қуатты арттыру үшін зауыт өндірісі аумағы, цехі кеңейтіліп, жаңартылып жатыр. Hyundai Trans Kazakhstan цехтегі дәнекерлеу мен сырлау процесін жартылай автоматтандыратын жаңа құрал-жабдық алып жатыр.

Өндіріс орны екі кезең бойынша модернизацияланады: 2023 жылдан 2024 жылдың ортасына дейін цехте дәнекерлеу және сырлау процесі автоматтандырылады, қуаттың 50%-ін алатын, 25 мың автокөлік шығаруға мүмкіндік беретін ұсақ түйін әдісі меңгеріледі. Осы әдіс арқылы жаңа модельдер шығарылады.

Ал 2025 жылдан 2026 жылдың ортасына дейін Hyundai Trans Kazakhstan зауыты кеңейтіледі. 100% көлемді қамтуға, CKD әдісі арқылы 50 мың автокөлік өндіруге мүмкіндік беретін сырлаудың жаңа тізбегі салынады, дәнекерлеудің жаңа цехі іске қосылады.

Оған қоса Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты CKD әдісі арқылы 100% дәнекерленген және сырланған Chery, Haval және Changan-ның 90 мың автокөлігін шығарады.

2022 жылғы қарашада 300 000 квадрат метр болатын аумақта Қытай автопром лидерлерінің барлық стандартына сай құрылыс басталып кетті. Өндіріс цехтерінің аумағы - 150 000 квадрат метр. Ауқымды жобаға 115 миллиард теңге жұмсалды.

«Зауытта жартылай автоматтандырылған үш дәнекерлеу цехі болады, яғни әр брендке жеке-жеке қарастырылған. Нәтижесінде көп жұмыс орны пайда болады. Ал сырлау цехі барлық брендке ортақ біреу, сол себепті бұл цех 100% автоматтандырылады. Зауыттың қуатының мықты болатыны соншалық, конвейерден 2,5 минутта жаңа көлік шығып тұрады. Барлық қажет құрал-жабдық Chery, Haval, Changan брендтерімен жобаланады және олардың стандартына сай болады», - дейді Нұрлан Смағұлов.

Зауытқа жоғары технологиялы құрал-жабдықтыAutomotive Engineering Corporation әкеп береді. Айта кетері, AECorp-тың тұтынушылары - BMW, Hyundai, Toyota, Jaguar, Land Rover, BYD, Mercedes-Benz, Volkswagen және тағы басқа ірі брендтер.

Оған қоса жаңа зауытқа құрал-жабдықты дүниежүзіне танымал Siemens (Германия), ABB (Швеция-Швейцария), Schneider (Франция), Omron (Япония), Fanuc (Япония) және тағы басқа компаниялар әкеледі.

Алматыдағы мультибренд зауытын 2024 жылғы IV тоқсанда аяқтау жоспарланып отыр. 2025 жылғы І тоқсанда автокөлік өндірісінің пилоттық жобасы басталады.

Сонымен қатар жаңа автокөлік зауытының маңында, Алматының индустриал аумағының 10 гектар жерінде автокомпоненттер өндіретін комплекс салынып жатыр. Онда Youngsan Glonet Corp. Ltd-мен (Корея) бірлесіп автокөлік орындықтары, Motrex Co Ltd-мен (Корея) бірлесіп Hyundai автокөлігіне арналған мультимедиа жүйесі, полиуретан кілемшелері, шашыратқыштар шығарылады.

Өндіріс орнының аумағы – 7,7 квадрат метр. Бұл жер 2022 жылы іске қосылады. Автокомпоненттер өндіретін өндіріс орнында 90-ға жуық маман істейді деп жоспарланып отыр.

img

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және Hyundai Trans Kazakhstan-ның кеңейтілгеннен кейінгі қуатын ескерсек, ұсақ түйін әдісі арқылы жылына 140 мың автокөлік өндірілмек. Мұндай ауқымды көлем Қазақстандағы автопромды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.