HYUNDAI TRANS KAZAKHSTAN
Hyundai Trans Kazakhstan, «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны – Hyundai жеңіл автокөліктерін толық цикл бойынша өндіретін зауыт.
Жылдық өндірістік қуаты – 50 мың автокөлік. 2022 жылы зауыт 37 205 автокөлік, 2023 жылы – 48 857 автокөлік шығарды. 2024 жылы 45 410 автокөлік өндірілді. 2025 жылы 52 040 автокөлік шығарылды. 2020 жылдан бері кәсіпорын жалпы 217 635 автокөлік өндірді.
Hyundai Trans Kazakhstan зауыты Hyundai маркасының 8 моделін шығарады – Tucson, Mufasa, Sonata, Elantra, Santa Fe, Palisade, Staria және Custin. 2024 жылы сондай-ақ Genesis өкілдік класындағы автокөліктерді шығару желісі іске қосылды. Дәнекерлеу және бояу әдісімен (ұсақ тораптық өндіріс – CKD) Hyundai Accent, Hyundai Tucson модельдерін өндіру игерілді, ал 2025 жылдың сәуір айынан бастап тағы бір модель – Hyundai Santa Fe көлігінің CKD өндірісі жолға қойылды.
Hyundai Trans Kazakhstan зауытындағы барлық операциялар Hyundai Motor Company бекіткен технологиялық үдерістерге қатаң сәйкес жүргізіледі. Әрбір автокөлік Hyundai халықаралық стандарттарына сәйкестігі бойынша тексеруден өтеді.
2023 жылдың қараша айында «Астана Моторс» компаниясы өндірістік алаңдарды кеңейту және цехтарды жаңғырту жобасын бастады. Жаңғыртудың бірінші кезеңі – жаңа цех пен PDI (pre-delivery inspection / сатылым алдындағы дайындық) цехының құрылысы – 2024 жылдың шілде айында аяқталды. Нәтижесінде Hyundai Trans Kazakhstan өндірістік алаңы 6 мың шаршы метрге ұлғайып, зауыттың жалпы аумағы 40 мың шаршы метрге жетті.
2025 жылы локализация деңгейін тереңдету мақсатында Hyundai Trans Kazakhstan зауыты өндірісті роботтандыру арқылы жаңа технологиялық деңгейге өтті.
2025 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында зауытта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа жабдықтар орнатылды. Нәтижесінде технологиялық үдерістер оңтайландырылып, дәнекерлеу және бояу әдісімен жүзеге асырылатын ұсақ тораптық өндіріс көлемі екі есеге артты.
Astana Motors компаниясы жобаға 8,5 млрд теңге инвестиция салды. Өндірістік қуаттарды жаңарту нәтижесінде зауыт ұсақ тораптық әдіспен дәнекерлеу және бояу арқылы жалпы өнім көлемінің 50%-дан астамын шығара алады.
Hyundai Trans Kazakhstan жаңғырту жұмыстарына кәсіпорынның қазақстандық мамандары және Hyundai Motor Company (HMC), PAILANT және DK&G (Корея Республикасы) компанияларының шақырылған инженерлері қатысты. Өндірісті жаңа технологиялық деңгейге көшіру үшін Astana Motors Корея Республикасынан, Жапониядан және Қытай Халық Республикасынан жабдықтар сатып алды. Қазіргі уақытта өндірісте 17 робот енгізілген.
Жаңарту барысында цехта Hyundai Robotics (Корея Республикасы) компаниясының 5 дәнекерлеу роботы, электродтарды автоматты қайрау функциясы бар 14 сервопистолет орнатылды, 111 дәнекерлеу пистолеті жаңғыртылды, сондай-ақ автоматты конвейер, шатырды илемелеу және дәнекерлеу құрылғысы, Hyundai Santa Fe моделі үшін дәнекерлеу кондукторлары орнатылды.
Роботтар ең күрделі учаскелерде, мысалы есік ойықтарында, қолжетімсіз дәнекерлеу нүктелері көп болатын жерлерде дәнекерлеу жұмыстарының 30%-ын орындайды.
Автокәсіпорынның бояу цехында да елеулі өзгерістер енгізілді. Мұнда Yaskawa (Жапония) компаниясының 6 өнеркәсіптік роботы және шанақтарды бояу желісіне жеткізетін автоматты конвейер іске қосылды. Конвейердің механикалық бөлігі (тізбек, редуктор) Корея Республикасында өндірілген, ал электрқозғалтқыштар Жапониядан жеткізілген.
Сондай-ақ цехта катафорез желісі және герметик жағу, мастика жағу, шанақты бояуға және жылтыратуға дайындау секілді өндірістік учаскелер жаңғыртылды.
Бұл өзгерістер цех өнімділігін екі есеге арттырып, сағатына 6,5 шанақ бояуға мүмкіндік берді.
Құрастыру цехының жаңғыртылуы да оның өнімділігін екі есеге – сағатына 6 автокөлікке дейін арттырды.
Қазіргі уақытта мұнда шанақтары бар арбаларды автоматты тасымалдауға арналған SM AGV (Корея Республикасы) компаниясының 4 роботы жұмыс істейді. Құрастыру желісінің ұзындығы 16 станциядан 25 станцияға дейін ұлғайтылды. Цехта шанақтарды тасымалдауға арналған EMS (Корея Республикасы) аспалы шассилі автоматты конвейер желісі, интерьер және экстерьер бөлшектерін орнату желілеріндегі конвейерлер, қосымша манипуляторлар және алдыңғы әйнекке герметик жағуға арналған YASKAWA роботы орнатылды.
Зауытты жаңғыртуды қоса алғанда, инвестиция көлемі 48,5 млрд теңгені құрады.
Қазіргі уақытта жұмыс орындарының саны – 1600.
Тарихы
2020 жылғы 23 қазанда шанақтарды дәнекерлеу мен бояу, пластикалық бөлшектерді бояу цехтары, компоненттер қоймасы бар зауыт толыққанды іске қосылды. «Астана Моторс» Hyundai Trans Kazakhstan зауытын салу бойынша өзіне алған міндеттемелерін орындады және жобаны пандемия жағдайында бір жыл ішінде іске асырды. Жаңа өндірісте жабдықтарды монтаждау процесіне Оңтүстік Кореядан 120-дан астам инженер кезең-кезеңімен қатысты.
Hyundai Trans Kazakhstan жобасы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қазақстан Даму Банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асырылды.
- «Tucson. Қазақстанда қалай жасалды» деректі фильмі: қазақ тілінде, орыс тілінде.
- Деректі фильмi «Шабыт толқынында: «Астана Моторс» 30 жасқа толды».